Шымкентте жыл соңына дейін біржолғы мерекелік төлемді кімдер алады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — 2026 жылдың соңына дейін Шымкентте тұрғындардың жекелеген санаттарына мерекелік және атаулы күндерге орай біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

әлеуметтік төлем
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қаржылай көмек зейнеткерлерге, мүгедектігі бар балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға және Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде ақталған азаматтарға беріледі. Әлеуметтік көмек мәслихаттың келісімімен жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

1 қазан — Қарттар күніне орай 70 жастан асқан 35 973 зейнеткерге біржолғы көмек көрсетіледі. Әрқайсысына 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді. Бұл төлемдерге қала бюджетінен 466,8 млн теңге бөлінген.

— Мерекелік төлемдерден бөлек, қалада 80 жастан асқан жалғыз тұратын азаматтарға ай сайын қолдау көрсетіледі. Қазір мұндай көмекті 101 зейнеткер алады. Әрқайсысына 2 АЕК, яғни 8 650 теңгеден төленеді. Оларды қолдауға 7 млн теңге қарастырылған, — деп хабарлады қала әкімдігі.

25 қазан — Республика күніне орай мүгедектігі бар балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға біржолғы көмек беру жоспарланып отыр. Бастапқыда бұл төлемдер Конституция күніне орай қарастырылған еді. Алайда биыл мерекенің 30 тамыздан 15 наурызға ауыстырылуына байланысты төлемдер Республика күніне жоспарланған.

— Қазір тиісті нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп жатыр. Сондықтан төлемдер Республика күніне орай беріледі. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың әрқайсысына 5 АЕК, яғни 21 625 теңгеден төленеді. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Шымкентте осы санатқа жататын 8 238 бала тіркелген. Жергілікті бюджеттен 178,1 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 720 балаға 20 АЕК, яғни 86 500 теңгеден беріледі. Оларға 62,3 млн теңге қарастырылған, — деп нақтылады ведомство.

Биыл Шымкентте соңғы төлемдер 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай беріледі. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталған 33 азаматтың әрқайсысына 65 АЕК, яғни 281 125 теңге көлемінде қаржылай қолдау жасалады. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 9,2 млн теңге бағытталады.

Бұған дейін Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға қандай мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер берілетінін хабарлаған едік.