Шымкентте жылыту маусымында 12 адам газдан уланып көз жұмды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жылыту маусымында өрт оқиғалары азайғанғанымен, газдан улану деректері артқан.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қаладағы өрттің 80 пайызға жуығы тұрғын үй секторына тиесілі, көбіне жылыту маусымында тіркеледі.
— 2025-2026 жылғы жылыту маусымында қала бойынша 73 өрт оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, адам шығыны бар, 4 адам қайтыс болды. Сонымен қатар 2 адам жарақаттанды. Өрттің шығу себептерінің басым бөлігі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған, — деді департаменттің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рауан Ордабек.
Спикердің айтуынша, өткен маусыммен салыстырғанда өрт оқиғалары азайған. Алайда газдан улану дерегі көбейген. Нақтырақ айтқанда, 125 оқиға тіркелген.
— Газдан уланудан зардап шеккендердің саны 288 адамға жетіп, 18 пайызға өсті. Өткен жылыту кезеңінде улы газдың салдарынан 3 адам көз жұмса, биылғы маусымда 12 адам қаза болды, — деді ол.
Бұған дейін өткен айда Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінен газдан уланған төрт адамның мәйіті табылғанын жазған едік.