Шымкентте жиналыс кезінде антикор ұстап әкеткен шенеунік ісі сотқа жолданды

жемқорлық
Фото: видеодан алынған кадр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте қала әкімінің төрағалығымен өтіп жатқан жиналыс кезінде антикор қызметкерлері ұстап әкеткен тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновтың ісі сотқа жолданды. 

Сол кездегі шенеунік пен оның сыбайласына Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы мен 218-бабы 3-бөлігі 1,3-тармақтары бойынша айып тағылып отыр. 

Қалалық соттың мәліметінше, қылмыстық іс бойынша алдын-ала тыңдау 12 шілде күні сағат 10:00–ге белгіленді. 

Істі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева қарайды. 

Еске салсақ, ақпан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департамент қызметкерлері әкімдіктегі жиналыс кезінде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты ұстап әкеткен болатын.

Басқарма бастығы сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген 120 млн теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.

Ведомство мәліметінше, ол қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшерде алдын ала бір топ адаммен сөз байласып, бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған.

«Залалдың алдын сомасы — 120 млн теңге. Қатарлас қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына ресімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқасы тексеріледі», -деп мәлімдеген болатын қалалық антикор.  

Соңғы жаңалықтар