Шымкентте жолайрық құрылысында 54 жастағы жұмысшы қаза тапты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысында қайғылы оқиға болып, 54 жастағы жұмысшы көз жұмды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, құрылыс жұмыстары кезінде ер адам экскаватор доңғалағының астына түсіп қалған.
Ауыр жарақаттанған жұмысшы жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар оқиғаның мән-жайын Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы да тексереді.
Алдын ала дерек бойынша, қосалқы мердігер ұйым қаза тапқан азаматты еңбек шартын рәсімдемей жұмысқа тартқан болуы мүмкін. Инспекторлар құрылыс нысанында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты тексеру жүргізеді.
Бұған дейін Алтыналмас өнеркәсіп орнындағы жұмысшы қазасы бойынша іс қозғалғаны туралы хабарлаған едік.