Шымкентте жүргізуші куәлігін алу емтиханы кезінде автокөлік аударылып кетті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсырып жатқан кезде үміткер басқара алмай, автокөлік аударылып қалды.

жол-көлік оқиғасы
Фото: видеодан алынған кадр

Оқиға 19 қаңтарда Шымкент қаласындағы №4 мамандандырылған ХҚКО аумағында болған. Жүргізуші куәлігін алуға келген үміткер тапсырмалардың бірін орындау барысында көлік құралын басқаруда қателік жіберіп, соның салдарынан көлік аударылып кеткен. 

Осыған қатысты Kazinform тілшісінің жолдаған сұрауына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиалы ресми түсінік берді.

– Мамандандырлыған ХҚКО қызметкерлері оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетті, сондай-ақ 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақырылды. Үміткердің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Аталған оқиға мемлекеттік қызмет көрсету процесіне әсер еткен жоқ, қазіргі уақытта практикалық емтихан штаттық режимде қабылданып жатыр, – делінген ведомствоның ұсынған ақпаратында.

Еске сала кетсек, практикалық емтиханға автомектептерде оқудан өткен, көлік құралын басқаруға дайындығын растаған және тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті тұлғалар ғана жіберіледі.

Бұдан бұрын Қырғызстанда жүргізуші куәлігіне емтиханды ЖИ қабылдайтынын жазған едік. 

Сондай-ақ Шымкентте жүргізуші куәлігін сатқандар сотталды. 

Соңғы жаңалықтар