Шымкенттегі аттракциондар паркінің аумағына тұрғын үй кешені салынбайды — әкімдік

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының орталығындағы бұрынғы «Қиял әлемі» аттракциондар паркі аумағында тұрғын үй кешенінің салынатыны туралы тараған ақпарат расталмады. Бұл туралы қалалық әкімдік ресми мәлімдеме жасады. 

Шымкенттегі аттракциондар паркінің аумағына тұрғын үй кешені салынбайды – әкімдік
Фото: видеодан алынған кадр

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған учаскеде көпқабатты тұрғын үй емес, заманауи және қолжетімді қалалық саябақ ашу жоспарланып отыр. Бұл аумақ -  тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған қоғамдық абаттандыру аймағы.

— Бұл жерді қолжетімді әрі жайлы қалалық саябақ жасауға ниеттіміз. Кейбіреулер айтып жүргендей, тұрғын үй кешені салынбайды. Жаңа парк қала тұрғындары ойлағаннан да әсерлі болады деп сенеміз, — деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ал, бүгінгі өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек саябаққа қатысты пікір білдірді.

— Неге екенін білмеймін, қала әкімі ауысқанға дейін бұл ғимараттарға да, аттракциондарға да ешкім назар аудармаған. Біз назар аудардық. Сотқа жүгіндік. Соттың шешімі бойынша бастапқы қалпына келтіру бойынша шешім қабылданды. Ақпан айының ішінде «Айгерім» ЖШС-не заңсыз тұрған, ешқандай техникалық құжаттары жоқ ғимараттар мен аттракциондардың бұзылатындығы туралы соттың шешімі хатпен жолданды. Ал онда 9 ғимарат бар екен. Олардың иелерімен «Айгерім» ЖШС-ның құрылтайшылары мен басшылығы байланыс құру керек. Олар оны хабарлады ма, жоқ па бізге беймәлім. Ол кісілерде «Айгерім» ЖШС-мен жасалған келісім-шартта болмаған. Салық та дұрыс төленбей келген. Үш мәрте өрт болды, аттракциондарды пайдалану барысы кісі өліміне алып келді, — деді Сәрсен Құранбек.

Сондай-ақ, ол қаладағы саябақтар халық үшін қызмет ететіндігін жеткізді.

— Заң бұзу болып жатқан дүниеге көзімізді жұмып қарап отыруға тиісті емеспіз. Біз мемлекет пен елдің алдындағы міндетімізді орындауымыз керек. Орындап та жатырмыз. Қаладағы парктердің барлығын бастапқы қалпына келтіріп, қоғамдық кеңістікке айналдырып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы орта құрамыз. Қалалық әкімдіктің балансында болады. Халық үшін қызмет етеді, — деді Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі «Қиял әлемі» саябағында заңсыз салынған ғимараттарды бұзу басталғанын жазған болатынбыз. Қала орталығындағы шамамен төрт гектар жер тазартылып, бастапқы қалпына келтірілуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар