Шымкенттегі дендросаябақ маңында жасөспірімді пышақтап кетті
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкенттегі дендросаябақта жылжымалы дәмхана (фудтрак) маңында болған жанжал кезінде жасөспірім пышақталып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға 17 тамыз күні кешкі уақытта қалалық дендросаябақтың кіреберісінде болған. Әлеуметтік желілерде жанжалдан кейінгі жағдай түсірілген фотосуреттер тарады. Жазба авторының айтуынша, жанжалға фудтракта жұмыс істейтін кәмелетке толмағандар қатысқан.
— Кешке Шымкенттегі дендросаябаққа барып, осындай жағдайды көрдік. Кіреберіс жанындағы кассаның қасында фудтрак қызметкерлері бір-бірін аяғынан пышақтап жаралаған. Бұл не деген бассыздық? Ата-аналары мен басшылығы қайда қарап отыр? Балалар кәмелетке толмаған, ересектерсіз, қолдарында пышақ болған, — делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Шымкент қаласы полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомство мәліметінше, дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Оқиғаға қатысушылар анықталды. Жарақаттанған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайы, жанжалдың себептері анықталып жатыр, — деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.
— Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген шаралар қабылданады, — деп мәлімдеді полиция.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында екі жасөспірімнің мектеп оқушысын ұрып-соғуына байланысты қылмыстық іс қозғалған еді. Оқиғаға қатысушылар болған жағдайды ұялы телефонмен видеоға түсірген.