Шымкенттегі «полковник сарайы» туралы фейк қылмыстық іске ұласты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы полиция полковнигінің сән-салтанатты зәулім үйі туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл мәліметті ҚР Ішкі істер министрлігі жоққа шығарды.

Шымкенттегі «полковник сарайы» туралы фейк қылмыстық іске ұласты
Фото: freepik

Әлеуметтік желілердегі кезекті «сенсация» қылмыстық іспен аяқталды.

Интернет кеңістігінде Шымкент қалалық полициясында қызмет ететін полковник Құрманбек Саховтың дендросаябақ маңында зәулім коттеджі бар деген мазмұндағы видео тараған.

Видеоны түсірген адам бұл үйдің мәрмәрмен әрленгенін, ал жалпы аумағы төрт мың шаршы метрден асатынын мәлімдеген.

«Kazinform» агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізгенін хабарлады.

— Видеода көрсетілген үй полиция қызметкеріне тиесілі емес екені анықталды. Жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте әкімдіктің 54 қызметкері құмар ойынға бой алдырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар