Шымкенттегі су мекемесі мемлекет меншігіне толық қайтарыла ма

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Су ресурстары компаниясының 30 пайызға жуық акциясы мемлекетке тиесілі. Қазір қалған бөлігін толықтай мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су ресурстары министрлігі 10 топтық су құбырын жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Су ресурстары маркетингі» мекемесін мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты пікір білдірді.

– Кез келген стратегиялық нысан мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Сол қағидатты ескере отырып, бұл мәселені қолға алдық. Бірінші сатыдағы сотта біз жеңдік. Қазір аппеляциялық сатысында. Жұмыстар жалғасып жатыр. Соттың шешімін күтеміз, – деді ол. 

Сондай-ақ әкім стратегиялық нысандарды қайтарғаннан кейін оларға заманауи технологияларды пайдалана отырып, тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті. 

– Біз қазір өзімізге тиесілі су құбырлары мекемесін франциялық компанияға сенімгерлік басқаруға беру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, «Қуатжылу» орталығы мекемесі бар. Бұл – қаланы жылумен қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Осы екеуін франциялық компанияға беріп, жаңа технологияларды алу көзделіп отыр. Мұндағы мақсатымыз – халыққа шын мәнінде қолайлы жағдай жасау, – деп нақтылады ол.

Бұдан бұрын Шымкентте кәсіпкерлер саны 141 мыңға жеткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар