Шымкенттік еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты
Шымкентте еріктілер көше тазалауға шыққан коммуналдық қызметкерлерге тегін шай мен ыстық нан таратты. Жастар қайырымдылық акциясын дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды Kazinform.
«Отырар» арнасының жазуынша, еріктілер 5 жылдан бері мұқтаж отбасыларды қолдауды әрі медициналық көмек көрсетуді де жалғастырып келеді.
Шымкенттегі коммуналдық қызметкерлер еріктілер тобын жақсы таниды. Себебі, жастар қысы-жазы таң атысымен еңбек адамдарының жұмысына көмектесіп, ыстық шай мен нан-бауырсақтарын ұсынып келеді.
«Күн суықта кішкене денемізді жылытып, марқайтып, көңілімізді көтеріп кетіп жатқан ерікті балаларға көп рақмет айтамыз. Осының өзі үлкен күш береді, қуат береді», - дейді жұмысшы Сәкен Жамбылов.
Еріктелер тобы жақында ғана көпбалалы ана әрі ІІ топтағы мүгедек Күнсұлу Ахметоваға қуаныш сыйлады. Ол қайырымды жандардың арқасында баспаналы болды. Күнсұлудың жанұясы — белсенділердің ұйымдастыруымен кейінгі 6 жылдың ішінде қоныс тойын өткізген жиырмасыншы отбасы.
«Өмірде қайырымды жандар өте көп екен. Оған көзім жетті. Міне, ойламаған жерден баспаналы болып отырмын», - дейді Күнсұлу Ахметова.
Қалада еріктілердің бастамасымен ашылған «Ізгілік» дүкені жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар қолда бар бағалы заттарын, кәдеге жарайтын бұйымдарын өткізе алады. Таза киімдерін әкеліп, қайырымдылық акциясына үлес қоса алады. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде аз қамтылған мыңнан аса отбасыға қамқорлық көрсетілді.
Еріктілер түрлі төтенше апаттан зардап шеккендерге де көмектесіп, белсенділік танытып жүр. Қазір олардың қатарында 120 азамат бар.