Шымкенттік команда АҚШ-та өткен халықаралық робототехника чемпионатында жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент–Қаратау NIS мектебінің OVERTIME командасы 29 сәуірден 2 мамырға дейін АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST World Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстан намысын қорғады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.
Жарысқа бүкіл әлемнен 336 команда қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша Шымкент–Қаратау NIS оқушылары «Reach Award Winner — 1st Place» жүлдесін иеленіп, әлемдік чемпионаттың маңызды номинацияларының бірінде жеңімпаз атанды.
FIRST Championship робототехника, инженерия және инновациялар саласындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі. Бұл турнирде командалардың тек техникалық дайындығы, роботтың сапасы мен бағдарламалық шешімдері ғана емес, сонымен қатар жобалық ойлау қабілеті, командалық жұмыс, көшбасшылық, STEM-білімді дамытуға қосқан үлесі және қоғамға әсері де бағаланады.
OVERTIME командасына берілген Reach Award жүлдесі олардың STEM және робототехника саласын насихаттау, қауымдастықты кеңейту және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы жүйелі жұмысын мойындау.
Команданың басты ерекшелігі — қатысушылар тек жарыстық робототехникамен шектелмейді. Олар инженерлік білімдерін нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге пайдалануға ұмтылады. OVERTIME өз қызметі аясында бірқатар инклюзивті және білім беру бастамаларын іске асырды.
Команда сонымен қатар көзі көрмейтін жандарға арналған Брайль қарпіндегі тактильді кітап жасап, оны әлем бойынша таратып, «Үміт» мектебіне жеткізді. Сондай-ақ қатысушылар есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған Soyle ақылды көзілдірігін жасап, мектепке дейінгі балаларға арналған танымдық кітаптарды дайындады.
Барлық осы жобалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетуге, білімге қолжетімділікті арттыруға және технология арқылы жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Команданың жұмысы STEM саласы тек жарыс алаңы ғана емес, қоғамға нақты көмек көрсету құралы бола алатынын дәлелдейді.
OVERTIME командасының FIRST World Championship 2026 чемпионатында жеңіске жетуі тек Шымкент–Қаратау NIS мектебі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды жетістік болды.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын қазақстандық студенттер әзірлеген ЖИ жобасы Нью-Йоркте жеңіске жеткен болатын.