Шымкенттіктер 24 келілік тандыр самса пісіріп, рекорд орнатты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бұл еліміздегі алғаш рет жасалған ең үлкен самса, деп хабарлады Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы. 

алып самса
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Шымкент — қонақжайлығымен, дәмі тіл үйірер тағамдарымен келген жанды баурап алады. Мұндағы асхананың саналуандығы — ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің, түрлі мәдениеттердің тоғысуының айқын көрінісі. Қазақтың дархан көңілі мен астың берекесі ұштасқан бұл қалада әр тағамның өзіндік тарихы, әр дәмнің өзіндік сыры бар. Бүгін әл-Фараби алаңында өткен мерекелік шарада осы бір бай мұра тағы бір мәрте айшықталды. Бармағынан бал тамған аспаздар өз өнерлерін ортаға салып, дәмді асты көпшілікке ұсынды. Бұл іс шара көпшіліктің көңілінен шыққан асыға күтетін, нағыз той-думан.

бишілер
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

2022 және 2023 жылдары үлкен табысқа жеткен «ДәмДәсTour» фестивалі биыл да өз жалғасын тауып, қалада гастрономиялық мереке ретінде өтті. Бүгін фестивальге 50-ден астам тамақтандыру орны қатысып, өздерінің дәмді әрі ерекше тағамдарын ұсынды. Шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, аспаздардың тағамдарымен, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысты.

әкім
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Бұл фестивалдің басты жаңалығы салмағы 24 келі шығатын тандыр самсаның дайындалуы. Бұл еліміздегі алғаш рет жасалған ең үлкен самса. Бұл туралы Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы айтты. 

тандыр
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

— Бүгін бұрын-соңды болмаған рекорд орнатылып жатыр. Алып самсаны пісірген Шымкент — гастрономияның астанасы екенін тағы бір дәлелдеп отыр, — дейді ол. 

Ал, алып самсаны әзірлеген «Камал ата» асүйінің бас аспазы Немат Нархожаев. Бұл тағамды әзірлеу үшін 2 апта дайындалғанын және оңай болмағанын айтады.

самса
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

— Құрамы және пісіру тәртібін еш өзгерткеніміз жоқ. Тек көлемін ұлғайттық. Қиын болғанын жасырмаймын. Алғашында үй жағдайында 17 келі самса әзірледік. Өте сәтті шықты. Ал көпшілікке ұсынған тандыр самса 24 келі шықты, — дейді бас аспаз.

Фестивальде тек тағам ғана емес, сонымен қатар ерекше мотоспорттық шаралар да өтті.

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа қалалардан мотобайкерлер Шымкентке арнайы келіп, өздерінің ерекше мотошеруін және мотошоуын ұйымдастырды. Бұл шараға 100-ден астам мотобайкер қатысып, қала көшелерімен өздерінің мотоциклдерімен сәнді шеру жасады. Жиын барысында қала тұрғындары мен қонақтары, эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал жиын соңында болған кәсіби отшашу мен алау көрінісі қала тұрғындарына әсерлі сәттер сыйлады.

отты шоу
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Бұған дейін хабарланғандай, шымкенттіктер VIP нөмірлерге 2 млрд теңге жұмсаған.

Соңғы жаңалықтар