Шыңжаңда 500 мың бастан астам қазақ қойын асылдандырды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

асыл тұқымды қой
Фото: Kazinform

Түркия холдингі Қазақстан аумағында қант зауытын салуды жоспарлауда – Eurasia Today

қант
Фото: Eurasia Today

Қазақстан аумағында қант зауытын салу тақырыбы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен түркиялық Safi Holding компаниясының бас атқарушы директоры Сафи Атаканмен кездесуде талқыланды.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Түркиядағы ең ірі өнеркәсіптік холдингтердің бірі саналатын Safi Holding Қазақстанда жылына 140 мың тоннаға дейін қант өндіретін жоғары технологиялық зауыт салу жобасын жүзеге асыруға мүдделі. Зауыттың қызылша өңдеу қуаты – 1 млн тонна. Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 150–200 миллион АҚШ доллары.

Қазіргі уақытта инвесторлар зауытты орналастыру үшін қолайлы өңірлерді қарастыруда. Орналасатын орынды таңдаудағы басты факторлар – қант қызылшасын өсіруге жарамды егістік жер көлемінің жеткіліктілігі және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны іске асыру үшін толық қолдау көрсетуге дайын екенін, соның ішінде қолданыстағы заңнама аясында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға әзір екенін растады.

Қырғызстаннан 5,2 млрд сумдық алтын бұйымдарды заңсыз әкелген азамат ұсталды – 

алтын
Фото: ӨзА

Әндіжан және Ферғана облыстары бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басқармаларының қызметкерлері жүргізген жедел шара барысында Қырғыз Республикасынан Өзбекстан аумағына «Водил авто» шекара кеден бекеті арқылы өтпек болған Әндіжан қаласының 1992 жылы туған тұрғыны ұсталды.

Белгіленген тәртіпте жүргізілген тексеру нәтижесінде, азаматтың киімінің ішіне жасырып, заңсыз алып өтпек болған 859 дана зергерлік бұйым мен 1 дана қол сағаты тәркіленді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, сараптама қорытындысы бойынша, аталған зергерлік бұйымдардың химиялық құрамы – алтын, ал кейбірі бриллиант тастармен безендірілген. Заттардың таза салмағы – 4 келі 155 гр, ал жалпы нарықтық құны – 5 миллиард 213 миллион сум деп бағаланған.

Тергеу барысында белгілі болғандай, бұл қымбат әшекей бұйымдарды Түркиядан Қырғызстанға жеткізген. Ал күдікті азамат оларды 400 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы үшін Өзбекстан аумағына шекара арқылы өткізіп бермек болған.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Түйе бағып жан баққан Төрехан» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

түйе
Фото: ӨзА

Хабарламада айтылуынша, Қарақалпақстан Республикасының Шоманай ауданындағы «Мамий» елдімекенінде тұратын Төрехан Молдағәлиев өмірін мал шаруашылығына арнаған нағыз еңбек адамы. Ол көп жылдан бері түйе өсірумен айналысып келеді. Қарапайым ауыл тұрғынының есімі бүгінде аудан көлемінде ғана емес, бүкіл Арал маңында білгір малшы ретінде танылып отыр.

Бүгінде оның шаруашылығында 10 түйе бар, соның 6-ы сауынды. Түйе сүті халқымыз үшін ежелден белгілі шипалы сусын. Дәрі-дәрмектен кем түспейтін бұл өнім адам ағзасын қуаттандырып, түрлі дертке дауа болады.

«Бірақ пайдасы тек сүтпен шектелмейді. Түйе жүнінен түрлі бұйымдар тоқуға, тұрмыстық және сәндік мақсатта қолдануға жарайды. Осындай кәсіп отбасының негізгі табыс көзіне айналып қана қоймай, ауылдық жерлерде жұмыссыз отырған әйелдерге де үйден табыс табуға мүмкіндік береді», деп жазады «ӨзА».

Шыңжаңда 500 мың бастан астам қазақ қойын асылдандырды – «Жэньминь жибао»

Шыңжаң мал шаруашылығы ғылым-техника институтынан алынған мәліметке сүйенсек, Шыңжаң қазақ қойының тұқымын асылдандыру және будандастырып сапалы тұқым жетілдіру саласында көрнекті табысқа қол жеткізіп, қазірге дейін 514 мыңнан астам қазақ қойы асылдандырылған, деп хабарлайды қытайлық «Жэньминь жибаодың» басылымы.

қой
Фото: видеодан алынды

Бұдандастыру барысында алған төл 565 мың бастан астам болып, экономикалық құны жоғарлап, шаруалардың кірісін 170 миллион юаннан астам арттырған.

Қытайлық басылымның дерегінше, қазақ қойы Шыңжаңдағы мал шаруашылығы райондарында бағылады. Кенеусіз жем-шөпке төзімді, әртүрлі қиын шарт-жағдайларға шыдамды болу сынды ерекшеліктерге ие.

Алайда, тұқым қуалау ерекшелігінің ықпалына ұшырағандықтан, бұл қой сортының еті біршама аз, жетілуі баяу, май құрамы да жоғары. Әсіресе, құйрығы үлкен, құйрық майының ұстайтын мөлшері жоғары, жем-шөпті шығын ету мөлшері біршама көп, базардың қажетін оңайшылықпен қанағаттандыра алмайды. Сондықтан аталған қой тұқымын асылдандырып, сапасын жоғарылату қажет болған.

Қазақстандық ән-би ұжымы Қытайлық би фестиваліне қатысу үшін Үрімжіге барды – «Халық газеті»

Қазақстандық ән-би ұжымы 7-інші Қытай Шыңжаң халықаралық халық би фестиваліне қатысу үшін Үрімжіге келді, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

бишілер
Фото: Халық газеті

2025 жылдың 21 шілдесінде Шыңжаңның Үрімжі қаласына 7-інші Қытай Шыңжаң халықаралық халық би фестиваліне Қазақстанның Қорқыт ұлттық ән-би тобы, «Наз» ұлттық би театрының әртістері келген.

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, фестивалге келген қазақстандық әнші-бишілер ұжымын Үрімжідегі өнер тобы күтіп алды. Әуежайда екі тараптың өнерпаздары бұрала биге басып, айналасын думанға бөлеген.

Сондай-ақ осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытайда 9 жаңа «халықаралық сазды қала» қосылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

қала
Фото: Халық газеті

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Ұлттық Орман және жайылым бюросынан алған мәліметіне сәйкес, жаңадан ашылған «Сазды жерлер туралы конвенцияның»15-інші конференциясында еліміздің 9 орыны «халықаралық сазды қалалар» ретінде сертификатталды. Қазірге дейін Қытайдағы «халықаралық сазды қалалардың» жалпы саны 22-ге жетіп, әлемде көш бастауда.

«Бұл 9 аймаққа келетін болсақ, олар: Шанхайдағы Чунмин, Чжэцзян өлкесіндегі Вэньчжоу, Юньнань өлкесінің Дали қаласы, Фуцзянь өлкесіндегі Фучжоу, Чжэцзян өлкесінің орталығы Ханчжоу, Цзянсидегі Цзюцзян, Сицзанның орталығы Лхаса қаласы, Цзянсудың Сучжоу қаласы және Хунань өлкесіндегі Юэян», деп жазады «Халық газеті».

Иран халқы – әлемдегі ең ақылды халықтардың бірі - ParsToday

иран
Фото: ParsToday

Соңғы жаһандық есептер мен статистика ирандықтардың әлемдегі ең ақылды халықтардың бірі екенін көрсетеді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, соңғы жаһандық есептер мен статистикаға сәйкес, ирандықтар әлемдегі ең ақылды адамдардың қатарына кіреді. 2025 жылғы орташа интеллект коэффициентінің (IQ) соңғы тізімінде ирандықтар орта есеппен 106,30 көрсеткішпен әлемде төртінші орында тұрды.

Газада қаза тапқан журналистер саны 232-ге жетті - TRT

Газадағы үкіметтік БАҚ кеңсесінің мәліметінше, 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газада 232 журналист қаза тапқан.

Кеңсенің мәлімдемесінде «Газада соғыс басталғаннан бері қаза тапқан журналистер саны фототілші Адем Абу Харбидтің өлімімен бірге 232-ге жетті»,- делінген.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген палестиналық фототілші Адем Абу Харбид Израильдің Газаға жасаған әуе шабуылы кезінде қаза тапты.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, Абу Харбид Израильдің Әл-Йермук базары маңындағы шатырды нысанаға алған шабуылы кезінде үш туысымен бірге көз жұмған. Шабуыл кезінде оның әйелі мен балалары да жараланған.

Соңғы жаңалықтар