09:12, 01 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Шіркеуден икона ұрлаған күдікті ұсталды
ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласының ортасында орналасқан «Николай Святитель» храмынан тамыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні белгісіз біреулер он икона мен қызмет кресін ұрлап кеткен болатын.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, ұрылар оқиға орнында саусақ пен алақан іздерін қалдырған. Департаменттің жедел-криминалдық басқармасының полицейлері дактилоскопиялық «Папилон» автоматты жүйесін пайдалана отырып, бұрын сотталған Орал қаласының Л. деген тұрғынын құрықтады.
Қазіргі кезде оның сыбайласы іздестірілуде. Иконалар мен крест кері қайтарылды.