ШЫҰ байқаушылар миссиясы Құрылтай сайлауын демократиялық әрі ашық өтті деп бағалады
АСТАНА. KAZINFORM – Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен өткен Құрылтай сайлауына дайындық және оны өткізу барысына халықаралық байқау жүргізді. ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р.Мидхун байқаушылар миссиясының жұмыс қорытындысын жариялады.
Оның айтуынша, халықаралық байқаушыларды шақыру Қазақстанның Құрылтай депутаттарының сайлауын барынша ашық әрі жария өткізуге ұмтылысын көрсетеді.
Миссия құрамына ШЫҰ-ға мүше алты мемлекеттен 17 байқаушы кірді. Олардың арасында заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының тәжірибелі өкілдері болды. Миссияның байқау жұмысы объективтілік, саяси бейтараптық, ашықтық және жариялылық қағидаттарына негізделді.
Сонымен қатар байқаушылар мемлекеттің егемендігін құрметтеу, ішкі істеріне араласпау, байқау нәтижелерінің дәлдігін қамтамасыз ету және қорытынды әзірлеу кезінде кәсіби тәсілді басшылыққа алды.
– ШЫҰ миссиясының жұмысы сайлау нәтижелеріне емес, дауыс беру процесіне бағытталды. Бұл ретте сайлау процесінің заңдылығы мен оның нәтижелеріне деген сенімге қатысты түпкілікті шешімді халықаралық байқаушылар емес, ел халқы қабылдайтынын негізге алдық, – деді Т.Р.Мидхун.
Сонымен қатар ол Қазақстандағы дауыс беру процесі туралы барынша толық түсінік қалыптастыру мақсатында миссия мүшелері Астана қаласы мен Ақмола облысындағы сайлау учаскелерінде байқау жүргізіп, сайлауға дейінгі және дауыс беру күндері миссия өкілдері барлығы 102 учаскеге барғанын айтты.
– Байқаушылар сайлау учаскелерін сайлау және атқарушы органдармен алдын ала келісусіз аралады. Әрбір учаскені байқаушылар өздері дербес таңдады, – деді ол.
Миссия сайлаушылардың азаматтық белсенділігінің жоғары болғанын және учаскелік сайлау комиссиялары қызметкерлерінің Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізу барысында кәсіби деңгей танытқанын атап өтті. Учаскелік комиссиялар сайлау процесін өткізу үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етті.
Комиссия мүшелері азаматтармен және байқаушылармен кәсіби әрі ізгі ниетпен қарым-қатынас жасап, өз қызметін білікті, жария, ашық және тәуелсіз түрде жүзеге асырды.
Миссияның қорытындысына сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауы елдің сайлау заңнамасының талаптарына және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өтті.
– Миссия ұлттық заңнама нормаларының бұзылғанын тіркеген жоқ. Мұндай бұзушылықтар сайлаудың заңдылығына күмән келтіруге немесе оның нәтижелеріне әсер етуге негіз бола алмайды, – деді ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары.
Спикер сөз соңында ШЫҰ байқаушылар миссиясы Құрылтай депутаттарының өткен сайлауын ашық, сенімді әрі демократиялық сипатта өтті деп таныды деп атап өтті.
Айта кетейік, ОСК Құрылтай депутаттары сайлауының нәтижесін жария етті.