ШЫҰ Даму банкі құрылуы мүмкін: Қазақстан қаржы жүйесін цифрландыру тәжірибесін таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM - Таяуда Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының іс-шаралары өтті. Оның шеңберінде ШЫҰ Даму банкін құру, мүше мемлекеттердің қаржылық өзара іс-қимылын кеңейту және көпжақты ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Бұл басқосуға Қазақстан атынан ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысты. Қатысушылар болашақ қаржы институтын қалыптастыру, сондай-ақ қаржы саласын қаржыландыру мен цифрландырудың заманауи құралдарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, ШЫҰ Даму банкін құру мәселесіне арналған үшінші консультативті кездесу өтіп, оның барысында Дәурен Маратұлы тәуелді қаржыландыру, жергілікті валюталар мен балама құралдарды пайдалану арқылы жарғылық капиталды қалыптастыру, сондай-ақ штаб-пәтерді орналастыру бағытында талаптарды айқындаудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде қатысушылар ШЫҰ Даму банкін құрудың мән-маңыздылығы мен көпжақты консультациялық процесті ілгерілетуге бейіл екендерін тағы да растады.
Бұдан бөлек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының кездесуі де өткенін айта кетейік. Оның барысында қаржылық өзара іс-қимылды кеңейту мен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қалыптастыру мәселелері қаралды.
Сонымен бірге басқосуда заманауи халықаралық қаржы жүйесінің, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны цифрландырудың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осы орайда Д.Кеңбеил технологиялық тұрғыда дербес әрі инновациялық мемлекет моделіне көшуге Қазақстанның қаржы жүйесін дамытудағы негізгі бағыттарын таныстырды. Әсіресе мемлекеттік қаржы жүйесін цифрландыру мен тұңғыш рет Қытай қор нарығына панда-облигацияларының сәтті шығарылымына ерекше назар аударылды.
Кездесудің қорытындысына сәйкес ұйымға кіретін мемлекеттердің өкілдері серіктестікті одан әрі дамытып, өзара тиімді мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуге мүдделі екендерін жеткізді.
Осыған дейін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылым және технология министрліктерінің басшылары Қырғызстанда бас қосқан болатын.