ШЫҰ-ға 25 жыл: Орталық Азияның ұйымдағы рөлі қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толады. Осы кезеңде Орталық Азияның көпжақты ынтымақтастықтағы рөлі айтарлықтай кеңейіп, өңір қауіпсіздік мәселелерімен қатар экономика, көлік, инвестиция және «жасыл» даму бағыттарында да маңызды орынға ие болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

в
Фото: Гулицзыи Байшаньнің жеке архивінен

Бұл туралы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты Орталық Азия тілдері кафедрасының меңгерушісі, Шанхай шет тілдері университетінің зерттеушісі Гулицзыи Байшань Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Сарапшының пікірінше, ШЫҰ қызметінің 25 жылындағы негізгі үрдістердің бірі – Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты ынтымақтастықтағы мүмкіндіктерінің кеңеюі. Бұл ретте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан ұйым құрылған кезден бастап оның бастауында тұрған елдер екенін ескеру қажет.

– Мұнда Орталық Азияның «пассивті» рөлден «белсенді» рөлге ауысқаны туралы айтып отырған жоқпыз. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әу бастан ШЫҰ-ның негізін қалауға қатысты. Осы жылдар ішінде ең алдымен күн тәртібі, ынтымақтастық форматтары және өңір елдерінің оған қатысу мүмкіндіктері өзгерді, – деді ол.

Гулицзыи Байшаньның айтуынша, ширек ғасыр бұрын Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздік алғанына небәрі он жылдай уақыт болған. Сол кезеңде шекарадағы тұрақтылықты нығайту, өзара сенімді арттыру, терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл негізгі ортақ міндеттердің қатарында болды. «Шанхай бестігінен» ШЫҰ-ның құрылуына дейінгі кезеңде сенімге, консультация мен ынтымақтастыққа негізделген өңірлік өзара іс-қимыл тетігі біртіндеп қалыптасты.

Бүгінде қауіпсіздік мәселесі маңызын жоғалтқан жоқ. Алайда ұйымның күн тәртібі едәуір кеңейді. Көлік дәліздері, өнеркәсіптік кооперация мен инвестиция, цифрлық экономика, «жасыл» даму, энергетика, ауыл шаруашылығы және білім беру салалары ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына айналды.

– Орталық Азия елдері үшін тұрақты өңірлік ортаны дамудың қосымша мүмкіндіктеріне қалай айналдыру керек деген мәселе барған сайын өзекті болып келеді, – деді қытайлық зерттеуші.

Сарапшы бұл үрдіс Қазақстанның мысалынан айқын көрінетінін атап өтті. ШЫҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстан ұйымның дамуына тұрақты түрде атсалысып келеді. Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде экономика, инвестиция, көлік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық салаларда 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Төрағалықтың қорытындысы Астанада өткен ШЫҰ саммиті болды.

Гулицзыи Байшаньның пікірінше, ынтымақтастықтың қауіпсіздік мәселелерінен экономика, көлік, экология және гуманитарлық байланыстарға дейін кеңеюі ұйым аясындағы өзара іс-қимыл мазмұнының өзгергенін көрсетеді.

– Қазақстанның географиялық орналасуы да жаңа мәнге ие болып отыр. Мұхитқа тікелей шыға алмайтын әлемдегі ең ірі мемлекет ретінде Қазақстан өзінің құрлықішілік орналасу ерекшелігін көлік байланысының артықшылығына айналдыруға ұмтылып келеді. Қытай мен Орталық Азияны Каспий теңізі және Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропа нарықтарымен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы Қазақстанның Еуразиядағы маңызды көлік буыны ретіндегі рөлін күшейтеді, – деді ол.

Сарапшы мұндай өзгерістер бүкіл Орталық Азияда байқалатынын айтты. Соңғы жылдары өңір мемлекеттері арасындағы үйлестіру мен ынтымақтастық нығайып, талқыланатын мәселелер аясы кеңейді. Олар дәстүрлі қауіпсіздікпен қатар көлік, сауда, инвестиция, «жасыл» даму және гуманитарлық алмасуды қамтиды.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 12 маусымда Душанбеде ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған «Орталық Азия – ШЫҰ-ның өзегі: бейбітшілік пен бірлескен даму кеңістігі» халықаралық конференциясының өтуі де өңірдің ұйымдағы ерекше орнын көрсетеді.

– Мұнда Орталық Азияның географиялық орналасуы ғана емес, оның қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға және ұйым аясындағы гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қосқан үлесі туралы сөз болып отыр, – деді Гулицзыи Байшань.

Сарапшы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың да жаңа деңгейге көтерілгеніне назар аударды. 2025 жылғы маусымда Астанада екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті өтті. Алты мемлекеттің басшылары Мәңгі тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойып, алдағы өзара іс-қимылдың алты басым бағытын белгіледі.

Олардың қатарында сауданы дамыту, өнеркәсіптік-инвестициялық ынтымақтастық, көлік байланысын күшейту, «жасыл» пайдалы қазбалар саласындағы ықпалдастық, ауыл шаруашылығын жаңғырту және халықтар арасындағы байланысты кеңейту бар.

– «Қытай – Орталық Азия» механизмі мен ШЫҰ бір-бірін алмастырмайды. Біріншісі Қытайдың Орталық Азияның бес мемлекетімен ынтымақтастығына нақтырақ бағытталған болса, ШЫҰ анағұрлым кең көпжақты платформа ұсынады. Түрлі форматтардың үйлесуі өңір елдерінің ынтымақтастық пен өз даму міндеттерін жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді, – деп түсіндірді сарапшы.

Гулицзыи Байшань осыдан 25 жыл бұрын ШЫҰ алдындағы негізгі міндеттердің бірі өңірлік қауіпсіздықты бірлесіп қамтамасыз ету болғанын атап өтті. Қазір бұл міндетпен қатар бірлескен даму мәселесінің маңызы артып келеді. Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері үшін өңірлік ынтымақтастық заманауи көлік инфрақұрылымы, тығыз сауда байланыстары, нақты өнеркәсіптік кооперация жобалары және азаматтар сезіне алатын жаңа мүмкіндіктер арқылы көрініс табуы керек.

– Сондықтан ШЫҰ-ның 25 жылы – Орталық Азия рөлінің біртіндеп кеңейген 25 жылы. Өңір ұйымның қалыптасуы мен дамуында әу бастан ерекше орын алды. Бүгінде Орталық Азия қауіпсіздік міндеттері даму міндеттерімен ұштасатын кеңістікке айналып, Еуразиядағы өзара байланыстың маңызды буыны ретіндегі орнын нығайтып, өңірлік ынтымақтастықтың күн тәртібін қалыптастыруға барған сайын белсенді қатысып келеді, – деді ол.

Сарапшының пайымдауынша, Бішкекте өтетін алдағы саммит Орталық Азияның бүгінгі маңызы оның географиялық орналасуымен ғана емес, өңірдің қандай даму бағыттарын таңдайтынымен және Еуразиядағы болашақ ынтымақтастыққа қандай үлес қоса алатынымен айқындалатынын тағы бір мәрте көрсетуі мүмкін.

Бұған дейін 1 қыркүйекте Қырғызстан астанасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтетіні хабарланған болатын.