ШЫҰ-ның артықшылықтары геосаяси үдерістерге ықпал етуге мүмкіндік береді — ұйым басшысы
АСТАНА. KAZINFORM - Дүйсенбі күні Қытай астанасы Бейжіңдегі ШЫҰ хатшылығында ұйымның бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қазіргі сын-қатерлер жағдайында ұйымның бірқатар артықшылығын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Халықаралық ұйым басшысы бұл пікірін «Өзгерістер кезеңіндегі бірлік: жаһандық сын-қатерлер мен орнықты дамуға төнген қауіптер жөніндегі ШЫҰ диалогы» атты дөңгелек үстел қарсаңындағы баспасөзге арналған брифингте айтты.
— ШЫҰ-ның өзіне тән ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы — Еуразия елдері. Олар бір құрлықта орналасқан, құрлық арқылы өзара байланысқан, тарихи әрі мәдени тұрғыдан тығыз қарым-қатынаста, — деді ол.
Оның айтуынша, ШЫҰ аясында түрлі бағыттағы ынтымақтастық тетіктері жұмыс істейді. Атап айтқанда, министрліктер, ведомстволар, жоғарғы соттар, бас прокуратуралар, қоршаған орта, сыртқы экономикалық және сауда, ғылым мен технология салаларындағы орталық мемлекеттік органдар арасында тұрақты кездесулер өткізіледі. Жалпы саны — 29 тетік.
— Бұл тетіктердің барлығы нақты нәтиже беріп отыр. Соның арқасында ШЫҰ қазіргі әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық үдерістерге ықпал ете алады, — деп қосты ол.
Ресей президентінің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі халықаралық ұйымдармен байланыс бойынша арнайы өкілі Борис Титов Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы рөлін ерекше атап өтті.
— ШЫҰ — тең құқылы серіктестер қауымдастығы. Ұйымдағы жетекші елдер Қытай мен Ресей, сондай-ақ Қазақстан, Пәкістан, Үндістан сияқты мемлекеттер оның дамуына зор үлес қосып отыр, — деді ол.
Дөңгелек үстелдің мақсаты — Біріккен Ұлттар Ұйымы бағдарламаларын өңірлік сараптамамен толықтыру. Талқылаудың негізгі тақырыбы — ШЫҰ-ға мүше елдердің ерекшеліктері мен басымдықтарын ескере отырып, орнықты даму мақсаттарын іске асыру.
Бұған дейін ШЫҰ байқаушылар миссиясы жаңа Конституция бойынша өткен референдумның ұйымдастырылуын жоғары бағалағаны хабарланған болатын.