ШЫҰ шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға назар аударады — қытайлық сарапшының пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — 26-шы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Бішкекте өткен отырысы өзара іс-қимылдың барған сайын практикалық әрі жан-жақты сипат алып келе жатқанын көрсетті. Бұл пікірді Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісіне берген түсініктемесінде «Қытай – ШЫҰ» сауда-экономикалық институтының вице-президенті, профессор Шэн Ли білдірді.
— Бішкектегі ШЫҰ саммиті Тяньцзинь бастамаларын практикалық жүзеге асыру, институционалдық-құқықтық тетіктерді жетілдіру және ұйымның 25 жылдық қызметін қорытындылағаннан кейін болашақ басымдықтарды анықтау арқылы бұрын қабылданған шешімдерге негізделіп отыр, — деп атап өтті сарапшы.
Ол өткен жылы ШЫҰ көшбасшылары қауіпсіздік, экономика және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді бағытын белгілеген Тяньцзинь декларациясы мен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдағанын еске салды.
— Әрине, лаңкестік пен трансұлттық қылмысқа қарсы күрес ШЫҰ-ның басты басымдықтарының бірі болып қала береді, алайда соңғы ширек ғасырда ұйымның күн тәртібі сауда, инвестиция, энергетика, қоршаған орта және киберқауіпсіздік салаларын қамти отырып, ынтымақтастықты практикалық және жан-жақты етті, — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, ШЫҰ-ның үздіксіз табысты дамуының негізгі факторы — құжаттарда бекітілген шешімдерді іске асыру арқылы оның институционалдық тиімділігін арттыру.
— Бішкектегі ШЫҰ-ның 26-шы саммитінің негізгі мақсаты — «Шанхай рухын» сақтау, өзара ынтымақтастық тетіктерін нығайту және келісімдерді нақты нәтижелерге айналдыру қажеттілігі, — деп қорытындылады профессор Шэн Ли.
Осыған дейін Қазақстан президенті Қырғызстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткенін айрықша атап өткенін жаздық.