Ішкі нарықта ет тапшылығы жоқ - АШМ бағаның қалыптасуына не әсер ететінін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі ішкі нарықта ет тапшылығы жоқ, бағаның өсуіне басқа жағдайлар да әсер етіп отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында айтылған.

Астананың ірі сауда орталықтарында ет бағасы қаншадан
Фото: Ербол Жанат/Kazinform

— Ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Оларға өнімнің өзіндік құнына тікелей ықпал ететін тауарлар мен қызметтердің бағасының өзгеруі, маусымдық, азық-түлік өнімдерін тасымалдау мен сақтау шығындарының артуы, делдалдардың көп болуы, сауда нүктелеріндегі жоғары үстеме баға, сондай-ақ әлемдік нарықтарда ұқсас өнімдер бағасының өсуі жатады. Қазіргі ет бағасының өсуі ішкі нарықтағы тапшылыққа байланысты емес, өйткені халықтың сұранысын өтеуге жеткілікті қор бар. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ірі қара мал саны 8,9 млн болды, бұл - өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға көп (2024 жылғы 1 сәуірде – 7,2 млн). Бұдан бөлек, сиыр еті өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін 102% қамтамасыз етіп отыр, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство елде ет өндірісі көлемі жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады.

— 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикада сиыр еті өндірісі 430 мың тонна болып, 2023 жылмен салыстырғанда (399,3 мың тонна) 7,5%-ға артты. 2025 жылы бұл динамика сақталып отыр: қаңтар-наурыз айларында 82,2 мың тонна сиыр еті саттыққа шығарылды (қаңтар – 24,7 мың тонна, ақпан – 24,8 мың тонна, наурыз – 32,7 мың тонна), - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ет бағасы бұрын-соңды болмаған межеге жетті. Мәселен, Астанада семіз әрі жас еттің келісі орташа 3400-3600 теңгеден тұр. Бағаға қатысты басқа да деректерді елордадағы ет базарларына жасаған шолуымызда келтірген едік.

Соңғы жаңалықтар