Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру шаралары күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет азық-түлік инфляциясын одан әрі төмендету шараларын күшейтіп жатыр.

азық-түлік
Фото: Ұлттық статистика бюросы

2026 жылдың маусым айындағы инфляция қорытындылары, азық-түлік тауарлары бағасының өзгерісі және бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың маусымда жылдық инфляция 10,3%-ды құрап, мамыр айындағы 10,4%-дан төмендеді.

Сонымен қатар азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі сақталып отыр. Жылдық көрсеткіш мамырдағы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді. Ал азық-түлік тауарлары бағасының айлық өсімі 0,6%-ды құрап, өткен жылдың маусымындағы деңгейден (0,9%) едәуір төмен болды.

Кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өзгерісіне ерекше назар аударылды. Маусым айының қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының индексі 0,4%-ды құрады. Индекстің қалыптасуына негізінен жеміс-көкөніс өнімдері әсер етті. Бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие және жаңа өнімнің ерте пісетін жеміс-көкөністерінің нарыққа шығуымен, сондай-ақ маусымаралық кезеңде реттелмейтін нарық сегментіндегі жекелеген тауарлар бойынша импортқа тәуелділікпен байланысты болды.

Сонымен бірге отандық өнім көлемінің артуына байланысты ішкі нарық жаңа өнімнің көкөністері мен жемістерімен қарқынды толықтырылуда. Бұл бағаның тұрақтануына ықпал етіп, алдағы кезеңде олардың одан әрі төмендеуіне алғышарт қалыптастырып отыр.

Шілде айының басынан бастап жеміс-көкөніс өнімдері бойынша баға тұрақтана бастады. Соның нәтижесінде бұл санат ағымдағы айдағы ӘМАТ бағасы индексінің төмендеуіне ықпал етуде. Шілде айының басынан бері ӘМАТ бағасының индексі 0,1%-ға төмендеді. Алғашқы екі аптада қияр бағасы 14,5%-ға, қызанақ 12,3%-ға, сәбіз 2,0%-ға, алма 0,2%-ға арзандады.

Маусым айында қой еті бағасының өсуі тек Жетісу, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында ғана тіркелді. Бұған сыртқы сұраныстың жоғары болуы да әсер етуде. Биылғы жылдың алғашқы бес айында қой еті экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық артып, 10,6 мың тонна болды.

Сонымен қатар жылқы еті бойынша экспорттық әлеует те жоғары деңгейде сақталуда. Қаңтар–мамыр айларында 113 тонна жылқы еті экспортталды. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы жалпы экспорт көлемімен шамалас.

Бұл ретте экспорт саясаты ішкі нарықты қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбейді. Үкімет қарастырып отырған импорттық ет өнімдерін тарту шаралары тек қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Бұл ішкі тұтыну үшін отандық өнімнің қосымша көлемін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

8 шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жыл басынан бергі өсімі 1,9%-ды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда баға өсімінің қарқыны төрт еседен астам баяулап, 7,6%-дан 1,9%-ға дейін төмендеді.

Қол жеткізілген оң үрдісті сақтау мақсатында Үкімет ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда.

Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кірмейтін көкөністер мен жемістерді импорттау үшін «жасыл дәліз» тетігін кеңейту мәселесі пысықталуда. Бұл шаралар ішкі нарықтағы өнім ұсынысын арттыруға және азық-түлік инфляциясын одан әрі тежеуге бағытталған.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаз мезгілі — отандық жеміс-көкөніс өнімдерін өткізудің ең белсенді кезеңі болғандықтан, өңірлерге осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету тапсырылды.

— Қазір маусымдық мүмкіндікті тиімді пайдалану аса маңызды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтіп, халықтың отандық өндірушілер өнімдеріне тікелей қол жеткізуіне жағдай жасау қажет. Жыл басынан бері 4 149 жәрмеңке өткізілді. Енді жаз маусымы аяқталғанға дейін кемінде тағы 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастыру қажет, — деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін импорттық ет өнімдерін тарту мүмкіндігі де қарастырылуда.

— Маусым айының қорытындысы азық-түлік инфляциясының тұрақты түрде баяулап келе жатқанын көрсетті. Ендігі міндет — отандық өнімнің маусымдық мол түсу кезеңін тиімді пайдаланып, бағаның одан әрі төмендеуіне және қалыптасқан оң үрдістің сақталуына жағдай жасау. Сонымен қатар жекелеген тауарлар бойынша туындауы мүмкін тәуекелдерге дер кезінде ден қойып, ішкі нарықтағы өнім көлемінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажет, — деп атап өтті Айжан Бижанова.

Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту, баға белгілеу саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттыру және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бағаны тұрақтандырудың маңызды тетіктерінің бірі — әлеуметтік нан өндіруге арналған арзандатылған астықпен өңірлерді қамтамасыз ету. Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасына сәйкес «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы астық жеткізу тетігі іске асырылып жатыр.

Бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд теңге бөлінді. Өңірлердің бастапқы қажеттілігі 100 мың тонна арзандатылған астықты құрады. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана қаласы тиісті келісімшарттарға қол қойды. Маңғыстау облысында келісімшартқа қол қою рәсімі аяқталуға жақын.