Ішкі саудадағы 460 жобаға 4,3 млрд теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы ішкі сауда саласын қолдауға бағытталған кешенді мемлекеттік шаралар өз нәтижесін берді. Екінші деңгейлі банктер арқылы несиелерді субсидиялау мен кепілдендіру тетіктері іске қосылып, республика бойынша 460 жоба қаржыландырылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті. 

Ішкі саудадағы 460 жобаға 4,3 млрд теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Былтыр ішкі сауда саласында екінші деңгейлі банктер арқылы несиелерді субсидиялау және кепілдендіру тетіктеріне негізделген кешенді мемлекеттік қолдау шаралары іске қосылды. Бағдарлама өңірлерде сауданың заманауи форматтарын дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. 

Министрліктің мәліметінше, бағдарламаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары және сауда ойын-сауық орталықтары қатыспайды.

— Облыс орталықтарында жүзеге асырылатын жобалар үшін кредит сомасы 3 млрд теңгеден аспауы тиіс. Моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде бұл шек 1,5 млрд теңгені құрайды. Субсидияланатын сыйақы мөлшерлемесі 10,75% деңгейінде белгіленген. Инвестициялық мақсаттарға субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін қарастырылған, — делінген хабарламада.

Министр мемлекеттік қолдау көрсету кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерді орындаумен қатар жүретінін атап өтті. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сауда сөрелеріне орналастыруы қажет. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша үлес кемінде 20%, ал азық-түлік тауарлары бойынша 50% болуы қажет. Оның 30%-ы қолданыстағы Ішкі сауда қағидалары аясында, қосымша 20%-ы мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде қарастырылған.

Қазіргі уақытта министрлік қазақстандық өндірушілердің басымдығын күшейтуге бағытталған өзгерістерді пысықтап жатыр. Айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру алған жағдайда тиісті тізілімге енгізілген отандық тауар өндірушілерден тауар, шикізат және материалдар сатып алу талабы енгізіледі. Сондай-ақ тіркелгеніне үш жылдан аспаған бастаушы қазақстандық өндірушілердің өнімін олардың жазбаша өтінімі негізінде кемінде үш ай мерзімге сауда алаңдарына тегін орналастыру міндеті көзделеді.

Бұдан бөлек, субсидиялау немесе кепілдендіру шарттары жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде жалдау ақысының мөлшерін өзгертуге тыйым салынады. Кәсіпкерлерге statgov.kz цифрлық жүйесі арқылы Ұлттық статистика бюросына есептілікті уақтылы тапсыру міндеті жүктеледі.

Өткен жылы мемлекеттік қолдауға шамамен 4,3 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде екінші деңгейлі банктер арқылы республика бойынша 460 жоба қаржыландырылды.

Бұған дейін былтыр сауда саласы экономикалық өсімнің 26%-ын қамтамасыз еткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум