Ішкі туризм қайтсе түлейді

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм – демалыс қана емес, экономикаға табыс әкелетін маңызды сала. Қазақстан бұл бағыттың әлеуетін толық пайдаланып отыр ма? Kazinform тілшісі мәселені талдады.

туристік бағыттыар
Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

аржы шетелге кетіп жатыр"

Жазғы демалыс басталып, көптен күткен тынығу кезеңі келді. Осы тұста қазақстандықтардың биыл демалысты қайда өткізетіні анықталды.

Алдымен шетелге шығатындардың бәрі бірдей турист емес екенін ескерген жөн. Бірі шекара асуды жеке шаруасымен жоспарласа, енді бірі нақты демалыс пен саяхат үшін жолға шығады. Яғни бұл – екі бөлек санат.

Өткен жылы Қазақстаннан шетелге шыққан азаматтар саны 11,8 млн адамды құрады. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға аз. Олардың басым бөлігі (10,2 млн адам) шетелге жеке мақсатпен барған. Ал туристік сапармен елден шыққандар саны 417,1 мыңға жеткен. Сонымен қатар 17,5 мың адам қажылыққа аттанса, 5,6 мың адам емделу үшін шетелге барған.

Жалпы сапар бағыттарына көз жүгіртсек, қазақстандықтар ең жиі баратын елдердің қатарында Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бар.

туризм
Инфографика: Kazinform

 

Ал туристік мақсаттағы сапарларда басымдық басқа елдерге берілген. Өткен жылы қазақстандықтар көп таңдаған бағыттар – Қытай мен Түркия. Бір жыл бұрын көш басында Түркия тұрса, қазір Қытай алға шыққан. Бұған екі ел арасындағы туристік алмасу бағдарламалары да әсер етті. Сондай-ақ сұраныс жоғары елдердің қатарында Мысыр, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Вьетнам бар.

Шетелге шығатындардың саны артқан сайын сыртқа кететін қаржы көлемі де назар аудартпай қоймайды. Осы мәселеге Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров тоқталды.

Ходжаназаров Айдарбек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Мысалы, қазақстандықтар шетелде демалу мақсатында шамамен 4 млрд доллардан астам қаражат жұмсайды. Біз осындай қаржымен өзге елдердің экономикасын дамытып отырмыз, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутаттың пікірінше, биылғы геосаяси ахуал туристік нарыққа әсер ете бастады. Таяу Шығыстағы жағдай бірқатар танымал бағыттарға сұранысты төмендетуі мүмкін. Ал сыртқы туризмнің баяулауы ішкі бағыттарға деген қызығушылықты күшейтіп, ел ішіндегі туризмге қосымша серпін беруі ықтимал.

Қазақстанға қызығушылық артып келеді

Сыртқа сапарлайтындар көп болғанымен, Қазақстанға келетін шетелдік туристердің қатары артып келеді. Олардың басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай азаматтары құрайды.

туризм
Инфографика: Kazinform

Соңғы бес жылдағы көрсеткішке қарасақ, өсім айқын байқалады. Салыстырмалы түрде 2020 жылы Қазақстанға 2 млн шетелдік келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,7 млн-ға жеткен.

Ішкі туризмнің дамуы

Ел ішіндегі туризм де соңғы жылдары қарқын алған. Бұл үрдіс қазақстандықтардың демалыс мәдениетінде ішкі бағыттардың үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қазақстандықтар 11,7 млн туристік сапар жасаған. Оның 87,2%-ы ел ішінде жүзеге асқан.

Астана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ең көп барған өңірлер мен қалалардың қатарында Астана, Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстары бар.

Сапар кезінде қазақстандықтардың басым бөлігі туыстары мен таныстарының үйлеріне тоқтаған. Ал қонақүй мен жалдамалы баспананы таңдағандар одан кейінгі орындарда. Яғни ішкі туризмде әлі де туыстық байланыс инфрақұрылымнан басым түсіп отыр.

Көлік таңдау құрылымы да осы үрдісті толықтырады. Ел ішінде саяхаттаушылар көбіне жеке автокөлік пен теміржолды пайдаланады. Ал шетелге сапар кезінде негізгі таңдау әуе көлігіне түседі.

Туризмге жұмсалған шығын көлемі де айтарлықтай. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 134,2 млрд теңгеге жеткен. Оның 659,2 млрд теңгесі ішкі туризмге тиесілі. Бұл ел ішіндегі демалыс нарығының экономикалық салмағы артып келе жатырғанын көрсетеді.

Негізгі фокус үш өңірде

Туризм саласын жүйелі дамыту үшін мемлекет негізгі бағыттарды нақтылап отыр. Бұл – ішкі және кірме туризмді тең дәрежеде дамытуға мүмкіндік беретін стратегиялық қадамдардың бірі.

Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжановтың айтуынша, бүгінде назар үш басым аймаққа аударылған. Олар – Алматы, Маңғыстау облысы және Бурабай.

– Бұрын мемлекеттік бағдарламаларда кластерлік тәсіл мен басым 10 туристік бағытқа көп көңіл бөлінсе, 2024 жылдан бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес біз үш негізгі бағытқа назар аударып отырмыз. Олар – Алматы, Маңғыстау және Бурабай. Қазір жұмыс дәл осы бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр, – деді спикер.

Нұрбол Байжанов
Фото: ortcom.kz

Оның айтуынша, негізгі түйін инфрақұрылым мәселесіне келіп тіреледі. Жол, әуе қатынасы, электр мен су жүйесі, кәріз, қалдықтарды басқару және қауіпсіздік – туристік аймақтардың дамуы үшін шешуші факторлар. Әсіресе Щучье-Бурабай курорттық аймағы бойынша жаңа жоспарлар іске асырылып жатыр. Негізгі мақсат – туристік жүктемені азайтып, инфрақұрылым мен мүмкіндіктерді кеңейту.

– Сөз көлік жүктемесін азайту, қосымша автотұрақтар салу, сондай-ақ туристік ағынды қайта бөлу арқылы танымал көлдерге түсетін жүктемені төмендету жайында болып отыр, – деді ол.

Әлеует бар, шешім керек

Салада мүмкіндік мол болғанымен, ішкі туризмнің қарқынын күшейту үшін әлі де нақты экономикалық тетіктер қажет. Бұл бағыттағы басты мәселе – қолдауды жүйелі әрі тиімді іске асыру.

Осы ретте «Туристік қамқор» корпоративтік қоры мен Қазақстан Туроператорлар қауымдастығының төрағасы Инна Рей Ресей тәжірибесін мысалға келтіреді.

– Шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, балалар ел ішінде тегін ұша алады. Отбасылық демалысқа жағдай жасалып, қомақты қаржы бөлініп жатыр. Дегенмен, бұл әзірге кең таралған трендке айнала қойған жоқ. Жеңілдіктерді ескергеннің өзінде Қазақстан ішінде бүкіл отбасымен саяхаттау көбіне шетелде демалғаннан қымбатқа түседі, – деді ол.

Инна Рей
Фото: Еламан Турысбеков / Kazinform

Сарапшының айтуынша, ішкі туризмді дамытуда тікелей қолдау шаралары жеткіліксіз, сондықтан жүйелі тәсіл қажет.

– Ол үшін туристік ағынның әсерін нақты есептеуге, басым бағыттарды анықтауға және ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік беретін ғылыми-зерттеу базасын қалыптастыру маңызды. Қазіргі уақытта көптеген шешім тәжірибе жүзінде қабылданып жатыр. Ал ғылыми тәсіл нәтижеге тезірек қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті сарапшы.

Жалпы, Қазақстанда туризмге қызығушылық жоғары, табиғи әлеует те жеткілікті. Сұраныс та біртіндеп артып келеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті нақты экономикалық нәтижеге айналдырып, ішкі туризмді қолжетімді әрі тартымды ету.