ШҚО әкімі жұмыс сапарымен Бородулиха ауданына келді
ӨСКЕМЕН. 24 қазан. ҚазАқпарат - Бородулиха ауданына жұмыс сапары кезінде ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев аудан фермерлерімен кездесті.
Биылғы маусымда аудан дәнді-дақылдар өнімділігі жөнінен көшбасшылар қатарынан орын алып отыр. Шаруалардың жетістіктері, олардың болашаққа деген жоспарлары, сондай-ақ, алға қойылған міндеттерді іске асыру туралы аймақ басшысымен байыпты әңгіме болды.
Михайличенково ауылында 200 млн. теңгеге өңірлік индустрияландыру картасы жобаларының бірі іске асырылуда. Кездесуге қатысушылар сүтті мал шаруашылығының заманауи озық әдістерімен танысуға мүмкіндік алды. Михайличенковоны дамыту шеңберінде барлық жобаларды іске асыруға жоспарланған сома - 336 млн. теңге. Жобалар арасында 50 орындық «Айгөлек» балабақшасы бар. Балабақшаны қайта жөндеуге қаражатты «Новая заря» шаруашылығы бөліп отыр.
Ауылда Мәдениет үйі жөндеуден өткізілді. Келесі кезекте - су құбыры, ауылды әрі қарай абаттандыру, оның әлеуметтік саласын дамыту жоспарланған.