ШҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
ААСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Ренат Құрмамбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Алтай ауданының әкімі лауазымын атқарған. Жаңа қызметінде ол ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелеріне жетекшілік етеді.
Ренат Тілеуханұлы 1980 жылы 25 қаңтарда Үлкен Нарын ауданының Ново-Березовка ауылында дүниеге келді. 1998 жылы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжін «Еңбекке баулу» мамандығы бойынша, 2001 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру бойынша кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша, ал 2006 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2003 жылы Катонқарағай аудандық мәдениет бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі бас маманы болып бастады.
2005 жылы Катонқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2005 жылдан 2008 жылға дейін Катонқарағай ауданы әкімінің аппараты кадрлық және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2008–2009 жылдары Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық бөлімін басқарды. 2009–2011 жылдары ШҚО әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болды. Әр жылдары Катонқарағай және Ұлан аудандарының әкімі, ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары және Алтай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылғы қарашадан осы уақытқа дейін Алтай ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шынар Ақпарова ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды.