ШҚО ардагерлерінің Елбасына хаты: Аталы сөзге алғыс айтамыз

- Осы аймаққа аты белгілі аға ұрпақ өкілдері Бошай Кітапбаев, Хафиз Матаев, Нәсен Сембаев, Қанипа Бітібаева, Геннадий Бердюгин, Фрунзе Жақсылықов, Әзімхан Сәдуақасов, Анатолий Еременко, Арап Еспенбетов, Гүлбарам Етекбаева Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақаласына былай деп үн қатады.
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Өзіңіздің «Абылай аңсаған азаттық» атты тағылым мен парасатқа толы мақалаңызды мұқият оқып, еліміздің өткені мен келешегіне деген асқан жауапкершілігіңізге тағы бір мәрте тәнті болдық.
Өткенсіз болашақ жоқ... Тасқа қашалып жазылған төл тарихымызды қайта қолға алып, объективті бағасын беру жас ұрпақтың бойында өз еліне, туған жеріне деген асқақ сезімін оятып, игілікті істерге бастайтындығы сөзсіз.
Абылайдай даңқты тұлғаның ел егемендігі үшін атқарған абыройлы саяси-дипломатиялық қызметі кешегі қысылтаяң шақта ескерілмеді. Ел егемендігін алған тұста ғана тарих ақтаңдақтарының беті ашыла бастады.
Абылайдың Қазақ елінің егемендігін сақтап, шекарасының бүтіндігіне нұқсан келтірмеу жөнінде Аспанасты елі мен Ресей империясы сынды алпауыт мемлекеттер арасында жүргізген салиқалы саясаты бүгінгі ұрпақ жадында мәңгіге сақталуы тиіс. Себебі, соның арқасында Алтай мен Атырау, Қаратау мен Қызылжар аралығындағы ұлан-ғайыр атырап бүгінгі ұрпаққа аманат болып жетті. Ең бастысы - халқымыз бұның барлығына береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткізуге болатындығын жете түсінуі тиіс.
Дана халқымызда «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз бар. Біз жүзге, руға бөлінгеннің салдары қандай болатындығын жақсы білеміз. Алайда, небір нәубет жылдарды басынан өткерген қазақ елінің, азуын айға білеп, қолға қару алып Отан үшін отқа түскен күндерден де бейхабар емеспіз. Әрісі Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Қарасай, берісі Бауыржан, Қасым, Төлеген, Талғат, Әлия мен Мәншүк сынды ерлік, өрлік рухымен сусындаған батырларымыздың аңсаған басты арманы киелі Тәуелсіздігіміз еді.
Тәубе, бүгінгі күні өзіңіздің білгір басшылығыңыздың арқасында төрткүл әлемге танылып үлгерген көпұлтты Қазақстан халқы, кешегі Абылайдың аңсаған арман-мұраттарына жетіп, баянды ғұмыр кешуде. Бейбітшіліксүйгіш қазақ елі бүгінде өз Тәуелсіздігін нығайтып, бір атаның баласындай еңбектеніп, жұмыстың жемісін татуда. Себебі, алдымызға қойылып отырған мақсатымыз ортақ. Ол - «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған озық отыз елдің қатарына кіру. Бұл мақсатымыз толықтай орындалатындығына сенімдіміз.
Қазіргі таңда «Қазақстан» мен «бейбітшілік» сөздері егіз ұғымға айналғандай. Өйткені, біз ядролық арсеналымыздан өздігімізбен бас тартып, әлемге ынтымақты ту еткен ел ретінде танылдық. Ал бұл оқиғаның еліміз үшін, соның ішінде Семей жері үшін қаншалықты қуаныш әкелгендігі жақсы белгілі.
Лайым, қуанышымыз ортаймасын!
Екі ғасырдың тоғысқан шағында еңбек еткен біз әлі күнге дейін кешегі кеңестік дәуірмен бүгінімізді салыстырумен келеміз, көп ойланамыз, бүгінімізге мың да бір шүкіршілік етеміз! Қазіргі мақсатымыз - кешегі бабалар аманатын адал орындап отырған өзіңіздей Президентіміздің ертеңгі болашақ жөніндегі пайымды ойларын іске асыратын жастарымызға баталы сөзімізді айтып, дұрыс жолға бағыттау.
Абайдай дананы, Шәкәрімдей бабаны, мұхит ойлы Мұхтардай алыптарды тудырған киелі Шығыс елі өзіңіздің әр бастамаңызды толық қуаттайды.
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Абылай аңсаған азаттығымыз мәңгілік болсын! Оны мәңгілікке апарар ұрпағымызға Құдай мықты денсаулық, ақыл-парасатын молынан берсін. Ел іргесі аман болсын. Сәбилеріміздің ұйқысы тыныш болсын. Аманатқа қиянат жасамайтын Қазақ елінің маңдайы жарық болсын! Өзіңізге мықты денсаулық, амандық тілейміз! Абылайдай дананың атын асқақтатқан аталы сөзіңізге алғыс айтамыз.