ШҚО-да 100 млрд теңгенің өрт сөндіру техникасы алынбақ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы 2025 жылы ормандарды өрттен қорғауға қажетті техникамен толық қамтылады.

ШҚО-да 100 млрд теңгенің өрт сөндіру техникасы алынбақ
Фото: Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы

Бюджеттен тыс тартылатын қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 60 млрд теңге техника сатып алуға, 28 млрд теңге өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге бағытталады. Қалған 21 млрд теңге орман тұқымбақтарын дамытуға жұмсалмақ. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірге сапары барысында айтты.

— Биыл ШҚО орман шаруашылығының қажеттіліктері үшін 47 автоцистерна, 43 трактор және орман өрттерін сөндіруге арналған 34 мобильді кешен сатып алу жоспарланып отыр. Техника орман шаруашылығы мекемелеріне лизинг арқылы беріледі. Ал 2025 жылы облыстың өртке қарсы қауіпсіздікке қажетті барлық техникамен қамтамасыз етілуі толық жүзеге асады, — деді Ерлан Нысанбаев.

ШҚО-да 100 млрд теңгенің өрт сөндіру техникасы алынбақ
Фото: Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы

 

Сонымен қатар саладағы кадрлық әлеуетті күшейту және еңбек жағдайын жақсарту шаралары қарастырылып жатыр. Министр орман қызметтерінің төтенше жағдайларға дайын болуы мен ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты жедел әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті.

Өрт қаупі жоғары маусымға дайындық аясында орман шаруашылықтарынын жанғыш қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағаш отырғызу да басталды. Биыл өңірде шамамен 16 млн түп ағаш отырғызу көзделген.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда екі күнде ғана 60-тан астам дала өрті тіркелгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар