Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да 50-ден астам сотталған адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 50-ден астам сотталған адам рақымшылық бойынша түрмеден босап шығуы мүмкін.

ШҚО-да 50-ден астам сотталған адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін
Фото: İcma.az

ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, өңірде рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр.

— Бүгінде пробация қызметінің мамандары рақымшылық туралы заң талаптарына сәйкес келетін сотталғандарға қатысты 300-ге жуық материалды сотқа жолдады. Олардың басым бөлігі жаза мерзімін қысқартуға қатысты. Сонымен қатар 50-ден астам сотталған адам жазасын одан әрі өтеуден толық босатылуы мүмкін. Әр іс жеке қаралып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды, — дейді департаменттің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.

Мәселен, рақымшылық аясында 22 жастағы азамат жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылған.

— Жігіт қалыңдығының өтінішімен оның анасына тиесілі алтын алқаны ломбардқа өткізген. Бұл туралы білген әйел полицияға арызданған. Осылайша жігіт бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген, — делінген ақпаратта.

Пробация қызметкерлері сотталғанның жеке іс материалдарын зерделеп, қажетті құжаттарды дайындап, рақымшылық қолдану туралы істі қарау үшін сотқа жолдаған. Сот ұсынысты қанағаттандырды.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында әкімшілік рақымшылық қорытындысы жарияланғанын жазғанбыз.