ШҚО-да әкімдік қызметкері мемлекетке 227 мың теңге залал келтіргені үшін 3 жылға сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Катонқарағай аудандық соты Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Үлкен-Нарын ауылдық округі әкімдігінің бас маманына қатысты қылмыстық істі қарады.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2014-2015 жылдар аралығында Т.Абдрахманов тұрғындардан салық қабылдап, оны мемлекет бюджетіне толық көлемде өткізбей, айырмасын өзі иеленіп отырған. Осылайша сотталушы мемлекетке жалпы сомасы 227 930 теңге көлемінде мүліктік залал келтірген.
Сотталушы өзінің кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне өкініп, келтірген залал сомасын толық көлемде қайтарды.
Сот үкімімен Т.Абдрахманов ҚР ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша (кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) кінәлі деп танылды. Оған мүлкiн тәркiлеумен қатар, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды ШҚО сотының
баспасөз қызметінен.