Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да әлеуметтік азық-түлік бағасын негізсіз көтерген делдалдар анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген делдалдар анықталды.

азық-түлік
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин мәлім етті. 

- Мәселен, электрондық шот-фактураларды талдау барысында кәсіпкерлердің бірі қарақұмық, қант пен тұзды өзі басқаратын басқа компанияға қайта сатып, бағаны бірнеше есеге өсіргені белгілі болды. Соның салдарынан қарақұмықтың үстеме бағасы 127 пайызға, қант 45, ал йодталған тұздікі 41 пайызға жеткен, - дейді ол. 

Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс. Заңды бұзған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, делдал сауда тізбегінен шығарылды. 

Биыл өңірде осындай заңсыз делдалдық схемаларды анықтау мақсатында 32 комиссия отырысы өтіп, ондаған кәсіпкер жауапкершілікке тартылған.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да азық-түлік бағасын өсірген кәсіпкерлерге қатысты 81 іс қозғалғаны анықталған