«ШҚО-да аю шошқаға шапты»: желіде тараған видео фейк болып шықты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое кенті тұрғындары арасында көшеде шошқаның ұшасын сүйреп бара жатқан аю бейнеленген видео тарап кетті. Белгілі болғандай, бұл видеоның кентке мүлде қатысы жоқ. 

«ШҚО-да аю шошқаға шапты»: желіде тараған видео фейк болып шықты
Фото: видеодан алынған скрин

Видео өңірлік Telegram-арналар мен жергілікті чаттарда көп таралғанымен, кейіннен өшірілген. Әлеуметтік желі қолданушылары Глубокое кентінде аю шабуыл жасады деген ақпарат таратқан. Осыдан кейін тұрғындар арасында дүрбелең туып, түрлі хабарламалар тарай бастаған.

Жергілікті тұрғын Ирина Немченконың айтуынша, түсініспеушілік елді мекен атауының бірдей болуынан туындауы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында Глубокое кенті бар. Сонымен қатар дәл осындай атаумен Беларусь Республикасында да елдімекен бар. Бұған дейін онда көшеде аюдың жүргені тіркелген.

— Адамдар видеоны бір-біріне жібере бастады. Бірақ бұл біздің Глубокое емес. Менің омартам Глубокоеның ең шалғай бөлігінде, Қүршім деген жерде орналасқан. Алайда онда да әзірге аю көрген жоқпын, — дейді тұрғын.

Орман және аңшылық шаруашылығы жедел жасағының мәліметінше, Глубокое тұрғындарынан аюдың жүргені туралы ешқандай өтініш түспеген.

— Әзірге Глубокоеден бізге ешқандай өтініш түскен жоқ. Ақпарат тексеріліп жатыр. Дегенмен, бұл жалған ақпарат болуы мүмкін, — дейді мамандар.

Облыс әкімдігінде де таралған видеоның Қазақстанда түсірілмегенін растады. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, кадрлар Ресей аумағында түсірілген.

Осылайша, ШҚО-ның Глубокое кентінде аюдың шошқаға шапқаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Еске салсақ, осыған дейін Марқакөлде құстарды санап жүрген мамандар аюды кездестіргені хабарланған.