ШҚО-да биыл 400-ге жуық адамды ит қапқан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 400-ге жуық адам иттерден зардап шекті.

ШҚО-да биыл 400-ге жуық адамды ит қапқан
Фото: freepik.com

Бұл туралы ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті.

– Өңірде биыл жануарлардың тістеуі, тырнауы және сілекейінің тиюі салдарынан 526 адам медициналық көмекке жүгінді. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай 441 жағдай тіркелген. Яғни, көрсеткіш біршама өсіп отыр, - делінген ақпаратта.

Азаматтардың 387-сі иттен, 113-і мысықтан, ал қалғандары басқа жануарлардан зардап шеккен.

– Адамға зиян келтірген 500 ит пен мысықтың 264-і (52,8%-ы) иесіз жануарлар. Осы ретте, тұрғындарға жануарлар тістеп немес тырнап алған жағдайда дәрігерлерге барып қадалу қажеттігін ескертеміз, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін иесіз иттерді аулауға қатысты ережені жергілікті мәслихаттар өздері айқындайтыны хабарланған. Бұл туралы сенатор Арман Өтеғұлов мәлім етті.