ШҚО-да биыл мемлекетке келтірілген шығынның 2,1 млрд теңгесі қайтарылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың басынан бері мемлекетке келтірілген 2,1 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелді.
Бұл туралы ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ең резонансты қылмыстық істердің бірі — «Өскемен әуежайы» АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты іс. Сот айыпталушыларды қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану, аса ірі мөлшерде мүлікті жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды. Мемлекетке келтірілген 157 млн теңге шығын өтеліп, кінәлілер сотталды.
— Сондай-ақ мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу дерегі бойынша қозғалған іс те маңызды нәтижелердің бірі болды. Шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттарды пайдалану арқылы 374 млн теңгеден астам мемлекеттік субсидияны заңсыз алған. Сот оған мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — дейді Тимур Мұқанов.
Биыл Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ҰҚК және табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп Марқакөл ауданында заңсыз алтын өндірген топтың қызметін тоқтатты. Арнайы техника, өндірістік жабдықтар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Сонымен қатар Ұлан ауданында алтынды заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылды. Заңсыз айналымнан құны 380 млн теңгеден асатын 6 келіден астам алтын, арнайы техника тәркіленді. Мемлекетке келтірілген шығын 300 млн теңгеден асты. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да Қытай азаматтары қатысқан заңсыз алтын өндіру ісі бойынша үкім шыққаны хабарланған.