ШҚО-да «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 300-ден астам үй салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл 316 үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы өз жалғасын табуда. Биыл соның аясында облыс аумағында 316 үй салынбақ. Оның ішінде 71-і құрылысы былтыр басталған үйлер. 152 жер үй қалаларда бой көтереді.

«Осы бағдарлама бойынша көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік тұрғыда осал санатындағыларға, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй беріледі. Аудандарға қатысты айтар болсақ, Зайсан ауданында – 25 үй, Күршім ауданында – 14, Глубокое ауданында – 7, Ұлан ауданында – 11, Тарбағатай ауданында – 9, Шемонаиха ауданында – 2, Самар ауданында – 3. Үйлердің сапасына, әдемі безендірілуіне ерекше назар аудару қажет», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, қала, аудан әкімдері мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасының қызметкерлері қол қоймай тұрып, үйлерді пайдалануға қабылдамауы тиіс.

«Дәрігерлер мен мұғалімдерге де «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша тұрғын үй беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында 36 жаңа медициналық мекеме бой көтеретін ауылдарда үйлер саламыз. Сондай-ақ елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жалғастырып жатырмыз. 2023 жылы 73 елді мекенге интернет тартылады», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар