ШҚО-да боран мен көктайғаққа байланысты екі жолда көлік қозғалысы шектеледі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы екі жолда кейбір көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынады.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райы қолайсыздығына, нақты айтқанда боран, көктайғақ пен жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты жолдарда шектеу енгізілді.
- Бүгін сағат 12.30-дан бастап республикалық маңызы бар «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» тасжолының 1104-1191 шақырымында (Глубокое елді мекені мен Шемонаиха қаласының арасы), «Өскемен-Риддер-РФ шекарасы» тасжолының 15-105 шақырымында (Белоусовка кенті мен Риддер қаласының арасы) автобустарға, тіркемелері және жартылай тіркемелері бар жүк көліктеріне қозғалысқа тыйым салынды, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына жолдардың жай-күйін "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, таңертең «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлаған болатын.