ШҚО-да боранға байланысты жолдардың бірі көліктің барлық түрі үшін жабылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде ауа райы күрт бұзылып кетті.
ШҚО Төтенше жағлайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыстық маңызы бар тасжолдардың бірі сағат 22.00-ден бастап жабылды.
— Ауа райының қолайсыздығына, нақты айтқанда боран мен жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты Күршім-Қалжыр тасжолының 65–131 шақырымында көліктің барлық түрінің қозғалысына тыйым салынды. Сондықтан көлік жүргізушілерін өз маршруттарын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз, — делінген ақпаратта.
Құтқарушылар халыққа алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда ертеңнен бастап жол ережесін бақылайтын жаңа бейнекамералар іске қосылатындығы хабарланған.