ШҚО-да бір аптада көлікті мас күйде айдаған 16 адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері бір аптада көлікті мас күйде айдаған 16 адамды анықтады.

Полиция, жүргізуші, мас
Фото: Абай облысы ПД

ШҚО полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жеті күнде өңір бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3 мыңнан астам дерегі тіркелген.

– Полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шараларды жалғастырып жатыр. Соның нәтижесінде, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін ереже бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қауіпсіздік белдіктерін тақпау, рөлде отырып ұялы телефонды пайдалану, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қарсы бағытқа шығып кету және мас күйде көлік айдау фактілері болды, – делінген ақпаратта.

Мәселен, бір апта ішінде қауіпсіздік белдігін тақпаудың – 744, көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланудың – 389, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 180 дерегі анықталды. Сондай-ақ қарсы бағытқа шығудың – 18 және мас күйде көлік тізгіндеудің 16 дерегі тіркелді. Ереже бұзушылар тиісті жауапкершілікке тартылды. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да биыл абаттандыру қағидалары 5 мыңнан астам рет бұзылғаны хабарланған.