ШҚО-да чат-бот арқылы жасөспірімге жасалмақ болған зорлық әрекеті анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы іске қосқан «URPAQ» жобасы арқылы жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу фактісі тіркелді.
2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жоба балалар мен ата-аналарға буллинг, зорлық-зомбылық және өзге де қауіптер туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.
Прокуратура мәліметінше, осы жылдың сәуір айында @VKO_URPAQ_BOT чат-ботына кәмелетке толмаған баладан өзіне қатысты физикалық зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін екені туралы хабарлама түскен.
Тарбағатай ауданының прокуратурасы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында жанжал дер кезінде тоқтатылған.
- Қазіргі уақытта жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Аталған факті бойынша құқық бұзушылық жасауға оқталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, - делінген ақпаратта.
Оқиғаға қатысушылармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әрі психологиялық жұмыстар жүргізілген.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы «URPAQ» телеграм-боты тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салды.
Айта кетейік, өскемендік әйел баланың логикасын жетілдіретін ұлттық нақыштағы ойыншықтар жасап жүр.