ШҚО-да дәрі-дәрмек бағасын өсіріп сатқан дәріхана иесі жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек бағасын өсіріп сатқан дәріхана иесі жауапқа тартылды.

Елде дәріхана көп, бірақ неге баға түспей тұр
Фото: Kazinform

Өңірде дәрілердің белгіленген шекті бағадан қымбат сатылмауына мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінен мәлім етті. 

- Шілде айында республика бойынша 2 555 дәрілік заттың бағасына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 589 препараттың бөлшек сауда бағасы төмендеген. 47 препараттың бағасы 20%-дан астам, 198 дәрілік заттың бағасы 10-20%, тағы 244 препараттың бағасы 5-10% аралығында төмендеген. Дәрі-дәрмек бағасын бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы препараттардың қозғалысы мен дәріханалардағы нақты сатылым бағасы қадағаланып, белгіленген шекті бағамен салыстырылады, - делінген ақпаратта. 

Тұрғындар дәрі-дәрмек бағасын өздері тексере алады. «Naqty Onim» мобильді қосымшасы арқылы препараттың өндірушісі, дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы мәлімет алуға болады.

- Қолданыстағы талаптарға сәйкес 2 055 дәрілік заттың атауына мемлекеттік баға реттеуі қолданылады. Бақылауда әлеуметтік маңызы бар және тұрғындар арасында сұранысы жоғары дәрілік препараттарға басымдық берілген. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында дәрілік затты белгіленген шекті бағадан жоғары сату бойынша бір факті анықталды. Аталған жағдай бойынша дәріхана иесіне әкімшілік айыппұл салынды, - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да медицина қызметкерлері пациенттерге есірткісі бар дәрі өткізгені хабарланған