ШҚО-да экология заңнамасын бұзған кәсіпорынға 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экология заңнамасын бұзған кәсіпорынға 100 млн теңгеден астам айыппұл салды.
ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында Глубокое ауданындағы «Юбилейно-Снегирихинское» кен орнында жер қойнауын пайдалану салдарларын жою бойынша «Шығыстүстімет» ЖШС-нің ұзақ уақыт бойы әрекетсіздігі анықталды.
- Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО бойынша Экология департаменті кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорынның ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі бойынша (Қоршаған ортаға шығарындылардың технологиялық нормативтерін асыру) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ кәсіпорынға жер қойнауын пайдалану салдарларын жою және табиғат қорғау шараларының орындалуын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым берілді.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда 2040 жылға дейін экологияға әсер ететін 276 кәсіпорын қаладан шығарылатыны хабарланған.