ШҚО-да экологиялық талаптарды бұзған асфальт зауытының жұмысы тоқтатылуы мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында экологтар асфальт зауытына қатысты жоспардан тыс тексеру қорытындысын жария етті. 

ШҚО-да экологиялық талаптарды бұзған асфальт зауытының жұмысы тоқтатылуы мүмкін
Фото: ШҚО Экология департаменті

ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ново-Явленка ауылы жұртшылығынан тұрғын үйлердің маңында орналасқан асфальт-бетон зауытына қатысты бірнеше мәрте арыз түскен.

Осыған байланысты экологтар «AST-Qurylys 22» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді.

— Соның барысында кәсіпорынның асфальт өндіру қызметін тиісті экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырғаны анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша зауыт басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген ақпаратта.

Сондай-ақ кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдау үшін іс материалдары Өскемен қаласының әкімшілік сотына жолданды

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да жер қойнауын пайдалану талаптарын бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынғаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар