ШҚО-да экологиялық заңнама талаптарын бұзған әкімдер жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында жергілікті атқарушы органдарға жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізілді.
ШҚО Экология департаментінің мамандары мен мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бірлесе жүргізген тексеру Катонқарағай, Аққайнар, Ақсу, Белқарағай, Жамбыл, Коробиха және Өрел ауылдарының әкімдіктерін қамтыды. Мамандар қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу кезінде экологиялық заңнама талаптарының сақталуын тексерді.
Соның қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму жөніндегі қызметке қажетті экологиялық рұқсаттар мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындылары болмағаны анықталды.
- Аталған заңбұзушылықтарға байланысты ауылдық округтердің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Экология департаменті заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берді. Оларды орындау үшін нақты мерзімдер белгіленді, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда тексерілген әр төртінші көлік экологиялық нормаға сәйкес келмейтіні хабарланған.