ШҚО-да еңбек қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жасанды интеллект өндіріс орындарындағы қауіп-қатерді талдап, болжап және жұмысшылардың еңбек жағдайын онлайн режимде бақылап отырады.

ШҚО-да еңбек қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды
Фото: freepik.com

Сол үшін жасанды интеллект негізіндегі Біріңғай цифрлық мониторинг платформасы енгізілмек. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыровтың айтуынша, жаңа жүйе биыл пилоттық режимде іске қосылады. 

— Әуелі ол бес ірі кәсіпорында сынақтан өтеді. Ал 2028 жылға қарай бұл цифрлық платформа қауіп-қатері жоғары барлық өндіріс үшін міндетті болады. Аймақта қазірдің өзінде 3786 кәсіпорынды қамтитын «Еңбек тәуекелдерінің картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы 25 сәуірдегі деректерге сәйкес, 31 кәсіпорын әлеуметтік тұрақсыздық қаупі жоғары санатқа жатқызылған, 49 кәсіпорын — орташа тәуекел деңгейінде, 3705 кәсіпорын — ең төменгі тәуекел деңгейінде, — дейді ол.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап тәуекел картасы іске қосылғаннан кейін, еңбек инспекторлары 170 кәсіпорынды жоғары тәуекел аймағынан шығарып, 3800-ден астам жұмысшының құқығын қорғады. 

Осы уақыт аралығында 42,1 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтеліп, еңбек заңнамасын бұзудың 72 фактісі анықталды. 25 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,1 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да экологиялық заңнаманы бұзған қытайлық компанияға 1 млрд теңге айыппұл салынғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар