Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да ер адам бұрынғы әйелінің құлағын кесіп алған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында әйелге пышақпен шабуыл жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

м
Фото: pexels.com

Жәбірленушінің айтуынша, оқиға 25 шілде күні Самар ауылындағы дәмханалардың бірінде болған. Бұрынғы жұбайы жұмыс орнында оған шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ жарақатын салған.

- Мойныма пышақ тақағанда, бар күшіммен қолын қағып жіберуге тырыстым. Сол кезде ол менің құлағымның бір бөлігін кесіп жіберді. Қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатырмын, - дейді ол.

Сондай-ақ жәбірленуші бұрынғы күйеуі бұған дейін де өзін бірнеше рет пышақпен қорқытқанын айтып, өмірі мен алты баласының қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

- Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Оған қатысты жәбірленушімен қандай да бір байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді, – делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, қылмыстық істің тергелу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда пышақ ұстаған топ туралы хабарламадан кейін алты адам қолға түскені хабарланған.