ШҚО-да iPhone алу үшін мал ұрлаған екі жігіт 5 жылға түрмеге қамалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында iPhone алу үшін мал ұрлаған 20 жастағы екі жігіт түрмеге қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамдар ұрлық жасау үшін алдын ала сөз байласқан. Олардың қылмысқа баруларына қымбат ұялы телефон алуға ақшаларының жетпеуі себеп болған.
Сөйтіп екеуі еркін жайылымнан бірнеше бас ұсақ малды ұрлап кеткен. Сот үкімімен 5 жылға бас бостандықтарынан айырылған жігіттер ОВ-156/1 түзету мекемесінде өз жазаларын өтеуде.
«Соңғы уақытта жастар арасында мал ұрлығы белең алды. Ұрланған малға чип қойылған болса, оны табу оп-оңай. Ал қылмыс жасаған азамат қатаң жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтсақ, ҚР Қылмыстық Кодексіне сәйкес 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді ОВ 156/1 мекемесі жедел бөлімінің бастығы Мақсат Бақатбаев.