ШҚО-да кәріз құдығында жұмыс жүргізіп жатқан жұмысшылар уланып қалды

АСТАНА. KAZUNFORM - Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауылында кәріз құдығында жұмыстар жүргізу кезінде үш жұмысшы газға уланды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

ШҚО-да кәріз құдығында жұмысшылар уланды
Фото: ҚР ТЖМ

Глубокое ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Константин Боровиков пен аудан әкімі аппаратының ТЖ және азаматтық қорғау саласы бойынша бас маманы Темірлан Кеңесқанов оқиға орнына бірінші болып келіп, құдықтан уланған екі адамды алып шықты. Тағы бір ер адам өздігінен сыртқа шығып, құтқарушыларды шақырған.

-Зардап шеккендер медициналық көмек көрсету үшін аудандық орталық ауруханаға жеткізілді,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, ШҚО-да жылыту маусымында өрттен 20-дан астам адам көз жұмды.