Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да кәсіпорындарда жарақат алғандар саны 24 пайыз артты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы өндіріс орындарында жарақат алғандар саны 24 пайызға артып отыр.

шахта
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінен мәлім етті. 

— Жыл басынан бері бізге 1 440 өтініш келіп түсті. Оның 95,7 пайызы еңбек қатынастарына қатысты. Осы кезеңде 211 тексеру жүргізіліп, 261 заңбұзушылық анықталды. Берілген 205 нұсқаманың нәтижесінде заңбұзушылықтардың 80 пайызы жойылды, — дейді департамент басшысы Бақытбек Қизатов. 

Сонымен қатар өңірде өндіріс барысында жарақат алғандар саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 24 пайыз өсті. Алты ай ішінде 52 жазатайым оқиға тіркеліп, 62 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4 адам қаза болып, 36 адам ауыр жарақат алған.

Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тау-кен металлургиясы мен құрылыс салаларында болған. 

— Еңбек қауіпсіздігін арттыру мақсатында облыстағы 124 кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылды. Бүгінде 45 кәсіпорын халықаралық «Vision Zero» тұжырымдамасын енгізіп, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып отыр, — дейді Бақытбек Қизатов.

Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте өндірістегі жазатайым оқиғалардан 3 адам қаза тауып, 14-і ауыр жарақаттанғаны хабарланған.