Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да қазақтың батыры Дәулетбайдың ескерткiшi бой көтермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында ту ұстап, ел қорғаған ер Дәулетбай батырға ескерткіш тұрғызылады. Бұл туралы қазақстандық саясаттанушы Ерлан Саиров мәлiм еттi.

ШҚО-да қазақтың батыры Дәулетбайдың ескерткiшi бой көтермек

«Ескерткiш мүсiндi жасауға үш жыл кеттi. Ең қызығы, ескерткiштi тұрғызу идеясы, оны қаржыландыру, мүсiн сызбаларын жасау азаматтық бастаманың арқасында жүргiзiлдi. Ескерткiш көтеру Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келiп отыр», - дедi Е. Саиров.

Батыр Дәулетбайдың ескерткiшi 5 метр болады. Ал оның кескiнiн айнытпай жасау үшiн Қытай мұрағаттарында сақталған батырдың жалғыз портретi қолданылды. Ескерткiш 7 мамыр күнi батырдың туып-өскен жерi - Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында тұрғызылады.

«Бiле-бiлсеңiз, Дәулетбай қазаққа мәшһүр Қабанбай батырмен бiрге иықтас, қарулас болған жолдасы. Қабанбай батыр көз жұмар алдында алдымен Дәулетбайды алдыртыпты және қазақ халқы ары қарай қандай бағытта даму керектiгiн айтып, Дәулетбай батырға өз аманатын қалдырып кеткен. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында жойқын шайқастарда қазақтың қолын Дәулетбай батыр басқарды. Ол халқымызға үлгi болатын тұлға, патриоттық сезiм аймақтардан шыққаны дұрыс», - деп атап өттi ол.

Ескерткiш Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған «Бірлігі мықты ел озады» атты шеру-марафоны аясында ашылады. Шеру 2015 жылдың мамыр айының 3-7 аралығында « Алматы - Талдықорған - Аягөз - Ақжар» маршруттары бойынша өткізіледі.