ШҚО-да қыркүйекте күн суытып, қар аралас жаңбыр жауады

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жаз аяқтала салысымен ауа райы күрт өзгереді.

ШҚО-да қыркүйекте күн суытып, қар аралас жаңбыр жауады
Фото: Pixabay.com

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, биыл өңірде күз баяулап емес, бірден басталмақ. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде түнгі ауа температурасы +2…+7 °C шамасында болады. Ал күндіз салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады — +21…+26 °C.

Екінші онкүндікте ауа райы айтарлықтай өзгермейді. Түнде салқын түссе, ал күндізгі температура +16…+21 °C шамасында құбылады. Бұл он күннің соңында қысқа мерзімді аздаған жылымық күтіледі.

— Айдың ең суық кезеңі — үшінші онкүндікте. Осы кезде облыстың шығыс аудандарында және таулы аймақтарында түнде сынап бағанасы -6 °C дейін көрсетсе, күндіз ауа температурасы +10…+15 °C шамасында ғана болады. Аймақтың оңтүстігінде ғана салыстырмалы жылы ауа райы сақталады. Атап айтқанда, кей жерлерде +26 °C дейін жылытуы мүмкін, — делінген ақпаратта.

Ай көлемінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады деп болжанып отыр. Дегенмен, найзағай соғып, бұршақ жауып, дауыл болуы мүмкін. Ал үшінші онкүндіктің ортасында таулы аймақтарда қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал.

Еске салсақ, таяуда ауа сапасы нашарлаған қалалар саны күрт артқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар