ШҚО-да Қызыл кітапқа енген балықтарды заңсыз аулаған топ ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерін заңсыз аулаумен айналысқан браконьерлер тобының жолы кесілді.

о
Фото: ІІМ

Polisia.kz мәліметінше, операцияны ШҚО полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҰҚК-нің облыстық департаменті бірлесіп жүргізген.

Жедел іс-шаралар барысында Марқакөл ауданында 23 пен 50 жас аралығындағы алты адамнан құралған топ ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар қорық аумағында Қызыл кітапқа енген балықтарды заңсыз аулауды кәсіпке айналдырған.

«Марқакөл және Урунхайка ауылдарында жүргізілген тінту кезінде бағалы балық түрлерінің 700 келіден астамы, оның ішінде ускуч пен хариус балығы, сондай-ақ 200 литрден астам ускуч уылдырығы тәркіленді», – деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар күдіктілерден тыйым салынған ау құралдары, балық аулау жабдықтары, қысқы балық аулауға арналған құрылғылар, радиостанциялар мен оқ-дәрілер алынған.

Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары заңсыз әрекеттің барлық мән-жайын анықтап, ықтимал сыбайластар мен заңсыз жолмен алынған өнімді өткізу арналарына қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, батыста браконьерлерден 8 тоннадан аса балық пен 10 келі уылдырық тәркіленді.